Негізгі Жаңалықтар Зейнетақы төлемдері өзгереді.

Зейнетақы төлемдері өзгереді.

Қазақстанда зейнетақы аннуитеттерінің түрлерін кеңейту жоспарланып отыр. Жаңа өнімдер 2030 жылға дейінгі сақтандыру нарығын дамыту бағдарламасының жобасында қарастырылған. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.

Зейнетақы аннуитеті - азамат өзінің зейнетақы жинақтарын сақтандыру компаниясына беріп, оның орнына белгілі бір мерзім ішінде немесе өмір бойы тұрақты төлемдер алатын шарт. Қазіргі таңда қазақстандықтарға зейнетақы аннуитетінің үш негізгі түрі қолжетімді. Олар: дереу төленетін, кейінге қалдырылған және бірлескен, яғни ерлі-зайыптыларға арналған аннуитеттер. Болашақта бұл таңдау кеңейтіліп, азаматтарға кепілдендірілген төлемдері бар стандартты өнімдерден бастап, инвестициялық табыс алуға мүмкіндік беретін нұсқаларға дейін ұсынылмақ. Негізгі өнім ретінде кепілдендірілген зейнетақы аннуитеті сақталады. Ол өмір бойы төлем алуды көздейді. Бұл ретте клиенттің ұзақ өмір сүруіне байланысты төлемдер үшін қаражаттың жеткіліксіз болу тәуекелін сақтандыру ұйымы өз мойнына алады. Алдағы уақытта мұндай аннуитет икемдірек болып, төлемдерді индексациялаудың түрлі нұсқаларын ұсыну жоспарлануда. Сондай-ақ қазақстандықтарға гибридті аннуитет ұсыну жоспарланып отыр. Бұл жағдайда зейнетақы қаражаты екі бөлікке бөлінеді. Оның бірі кепілдендірілген өмір бойғы төлемдерді қамтамасыз етуге бағытталса, екінші бөлігі қосымша табыс алу үшін инвестицияланады. Осылайша, азамат бір мезгілде кепілдендірілген зейнетақы төлемін алып, инвестициялардан қосымша табыс таба алады.


Бөлісу

Аймақтық телеарналар