Самокат тебушілерге жаяу жүргіншілер жолы жабық
ҚР Ішкі істер министрлігі соңғы жылдары бұл мәселені тұрғындар жиі көтеріп жүргенін түсіндірді. Өйткені тротуарда ең алдымен жаяу жүргіншілер өздерін қауіпсіз сезінуі тиіс. Әсіресе балалар, қарттар, баламен жүрген ата-аналар үшін бұл өте маңызды. Статистика да мәселенің өзекті екенін көрсетіп отыр. Жыл басынан бері самокаттардың қатысуымен 139 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, екі адам қаза тапқан.
«Электросамокаттарға тыйым салынып отырған жоқ. Тек оларды қай жерде және қандай тәртіппен пайдалануға болатыны нақты белгіленді. Полиция жаңа талаптардың сақталуын толық бақылауға дайын. Бақылау тек көшедегі патрульдермен шектелмейді. Бейнебақылау камералары, техникалық тіркеу құралдары және дрондар пайдаланылады. Ал ірі қалаларда электросамокатпен жүретін полицияның мобильді топтары жұмыс істеп жатыр. Бұл оларға самокаттар көп жүретін жерлерде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді», – деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі. Демек, полиция қызметкері көрінбесе, бақылау жоқ деген сөз емес. Құқық бұзушылық техникалық құралдар арқылы да тіркеліп, заң аясында тиісті шаралар қабылданбақ. Электросамокаттарды жалға беретін компанияларға талап қойылды. Барлық оператордың жаңа ережелер туралы хабары бар және оларды орындауға міндетті.