Негізгі Жаңалықтар 650-ден астам адам рақымшылыққа ілікті

650-ден астам адам рақымшылыққа ілікті

Қостанай облысында ҚР жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты жарияланған «Рақымшылық туралы» заңның талаптары толық көлемде орындалды. Жалпы рақымшылық 650-ден астам адамды қамтыды.


Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен 114 адам босатылып, 200 сотталғанның жаза мерзімі қысқарды. Пробациялық есептегі 340 адамның 95-і бақылаудан шығарылса, 245 адамның қадағалану кезеңі қысқарды. Жеңілдік қылмыстық теріс қылық пен ауырлығы төмен қылмыс жасаған азаматтарға берілді. Ауырлығы орташа қылмыс үшін сотталғандарға да жаза жеңілдеді. Бұл үшін материалдық залал толық өтелуі немесе мүлде болмауы шарт. Қалған санаттарда жазаның өтелмеген бөлігі қылмыстың бабына және сотталған адамның тәртібіне қарай белгіленді. Әр іс бойынша соңғы шешімді сот шығарды. Ал қайталама қылмыс жасағандар, сыбайлас жемқорлық, террористік және экстремистік әрекеттерге барғандар, азаптау, ұйымдасқан қылмыстық топ құрамындағы қылмыстар мен жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы әрекеттер үшін сотталғандар рақымшылықтан тыс қалды.


Бөлісу

Аймақтық телеарналар