Сондай-ақ, қаламгердің 75 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралардың легі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университетте жалғасын тапты. Онда «Жаһандану жағдайындағы медиадискурс және ұлттық құндылықтар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияға филологтар, журналистер, медиа саласының мамандары, мерейтой иесінің әріптестері мен шәкірттері, сондай-ақ Әзербайжан мен Қырғызстаннан келген зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиын басында университет ректоры Ақылбек Шаяхметтің ел мәдениеті мен ғылымына қосқан үлесіне тоқталып, құрмет көрсетті. Мерейтойға түркі дүниесінің танымал қаламгерлері де арнайы келді. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, жазушы, Түркітілдес поэзияның дүниежүзілік фестивалі төрағасының орынбасары Ильгар Түркоглы және Орталық Азия жазушылары мен тарихшыларының халықаралық «Янги Овоз» одағының төрағасы Жолдошбек Монолдоров бар. Конференция аясында университет ректоры құрметті қонақтарға арнайы марапаттар табыстады.
Ұлықбек Есдәулет Ахмет Байтұрсынұлы атындағы төсбелгі иегері атанса, Ильгар Түркоглы мен Жолдошбек Монолдоров «Қобыланды» төсбелгісімен марапатталды.
Жетпіс бес жылдық мерейтой Ақылбек Шаяхметтің сөз өнері мен ұстаздық жолына арналған жарқын белесі. Оның шығармашылығы ұлттық әдебиетті дамытуға, рухани құндылықтарды насихаттауға және жас буынға бағыт беруге қызмет етіп келеді. Бүгінде ол тағылымды ұстаз, өнегелі тұлға ретінде кеңінен танылған. Алдағы уақытта да қаламгердің еңбегі қазақ руханиятының дамуына үлес қоса бермек.