Ол өзінің шығармашылық жолында әдебиет пен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Тек талантты ақын-жазушы ғана емес, елдің рухани өміріне белсенді араласып жүрген қоғам қайраткері. Оның еңбектері жас ұрпаққа өнеге болып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қызмет етіп келеді. Қазақстанның мәдениет қайраткері, ақын, жазушы Ақылбек Шаяхмет 75 жасқа толды. Бұл - тек бір адамның ғана емес, тұтас қазақ әдебиеті мен мәдениетінің мерекесі. Қостанайда өткен қазақ руханиятының көрнекті өкілі ұлықталған салтанатты шарадан тілші репортажы. Өмір өрнегін өлеңмен өріп, замана тынысын драматургия арқылы танытқан жазушы, ақын, драматург Ақылбек Шаяхметовтің 75 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш Жастар сарайында өтті. «Туған жердің тарланы» атты тағылымды кеште Қостанай облысының әкімі мерейтой иесін құттықтап, оның өңірдің рухани дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Шығармашылық кеш аясында көрермендерге ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында оркестр сүйемелдеуімен әндер шырқалып, ұлттық нақыштағы би қойылымдары ұсынылды. Саз бен сөз үйлескен әсерлі кешке жиналған қауым өнерпаздардың өнеріне зор ықылас білдірді.