Қазақ домбырасының қоңыр үні ғасырлар қойнауынан жеткен асыл мұра. Ұлттың рухын, тарихы мен тағдырын бойына сыйғызған қасиетті Домбыра күніне арналған іс-шаралар легі жалғасуда. IQostanay орталығында күй өнерін дәріптеген кезекті байқау ұйымдастырылды.
«Күмбірле, қоңыр домбыра!» облыстық байқауының биылғы ерекшелігі - өнерпаздар алғаш рет дуэт болып бақ сынады. Байқауға облыстың қала-аудандарынан келген 18 қатысушы, яғни 9 жұп қатысып, күй өнеріндегі шеберліктерін ортаға салып, ұлттық өнерді жаңа қырынан танытты.
Байқау барысында қатысушылар «төкпе» мен «шертпе» дәстүріндегі шығармаларды орындап, өзара шеберліктерін сынға салды. Олар үшін бұл байқау тек өнер додасы емес, ұлттық мұраны дәріптеудің маңызды алаңы. Қатысушылардың пікірінше, бәсеке жоғары, ал әр орындау үлкен жауапкершілік пен шеберлікті қажет етеді.
Сонымен бірге, іс-шарада Қостанайдағы «Жұлдыз» және Рудный қаласындағы «Алтын домбыра» студиялары арқылы екі жүзге жуық шәкірт тәрбиелеп, жас ұрпақтың бойына ұлттық өнерге деген сүйіспеншілік пен құрметті сіңіріп келе жатқан Айгүл мен Назгүл Абайқыздарына алғыс хаттар табысталды.
Айта кетейік, байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздарға І, ІІ, ІІІ орын және арнайы жүлде табысталды. Оның ішінде «Шертпе күйде шебер орындаушы» номинациясы қарастырылған. Сонымен қатар барлық қатысушыларға сертификаттар мен сыйлықтар берілді.