Тобыл өлкесі ән құшағында. Қостанай облысына қазақ музыка өнерінің қарашаңырағы, халқымыздың аспаптық музыка мәдениетінің алтын діңгегі, ұлт тарихындағы тұңғыш кәсіби ұлттық - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі келді. «Халық әуені» атты концерттік-гастрольдік тур өңірдің бірқатар аудан, қалаларында өтті.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен басталған жоба "Халық әуені" деп аталады. Алматыдан Қостанайдың қиырдағы аудандарына дейінгі жол оңай болмаса да, аспаптарын үкілеп, мыңдаған шақырымды артқа тастаған өнер ұжымын халық тағатсыздана қарсы алды. Күй атасы Ахмет Жұбанов іргетасын қалаған аңыз оркестрді жергілікті жұрттың сағынғаны соншалық, залда ине шаншар жер қалмады. Сахнадағы әр әуен – тарих, әр шығарма – даланың мінезі.

Құрманғазы оркестрі қазақтың төл аспаптық музыка мәдениетін кәсіби деңгейге көтеріп, әлемдік сахнада танытқан бірегей шығармашылық ұжым. Концерт бағдарламасына Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Дина ұлы күйшілердің жауһар туындылары, сондай-ақ халық әндері мен ұлттық музыка өнерінің алтын қорындағы шығармалар енгізілген. Ұлттық оркестрдің әрбір орындауы терең мазмұнымен, орындаушылық шеберлігімен ерекшеленді.

Күйдің сиқыры осы болса керек. Залда отырған қарияның да, мектеп оқушысының да сезімі бір арнаға тоғысты. Ұлттық аспаптардың үні бойыңды шымырлатады, нағыз шеберлік қана адам жанын осылай толқыта алады. Лисаковск қаласының тұрғындары дән риза.