Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 21-23 мамыр аралығында Қостанай облысында «Халық әуені» атты концерттік-гастрольдік турын өткізеді.

Ұлттық оркестрдің гастрольдік сапары аясында Жітіқара, Лисаков және Сарыкөл өңірлерінің тұрғындары мен қонақтарына қазақтың дәстүрлі күй өнері мен ұлттық музыка мұрасын насихаттайтын арнайы концерттік бағдарлама ұсынылады. Тоқсан жылдық тарихы бар ұлттық оркестр бұл гастрольдік тур арқылы халқымыздың бай рухани мұрасын, күй өнерінің терең тағылымын және ұлттық музыканың асыл құндылықтарын кеңінен дәріптемек. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі - қазақтың төл аспаптық музыка мәдениетін кәсіби деңгейге көтеріп, әлемдік сахнада танытқан бірегей шығармашылық ұжым. Оркестрдің негізін қалаған Ахмет Жұбанов бастаған ұлт зиялылары қазақ музыка өнерінің кәсіби мектебін қалыптастырып, ұлттық өнердің алтын арқауын бүгінгі күнге жеткізді.