Облыс орталығында «Тұлпар мініп, ту алған!» атты аймақтық жоба аясында ұйымдастырылған «Алпамыс батыр жыры» облыстық байқауы өтті. Аталған іс-шара ұлттық мәдени мұраны дәріптеуге, жастардың ауыз әдебиетіне деген қызығушылығын арттыруға және батырлық эпостар негізінде патриоттық тәрбие беруді көздейді. 

Жоба Тобыл-Торғай өңірін толық қамтып, оқушылар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Мектепішілік кезеңге облыс бойынша 9094 оқушы қатысса, аудандық және қалалық кезеңдерде 568 үміткер бақтарын сынады. Іріктеу қорытындысы бойынша облыстық финалға аймақтың 36 мектебінен 44 оқушы жолдама алды. Жетекшілер саны 42. Біріне жыр жаттау аса қиын болсама, бірі кәдімгідей күш жұмсаған көрінеді.

Облыстық байқаудың жүлде қоры 1, 2 және 3- орын иегерлеріне арналған жалпы сомасы 3,6 млн теңге шамасындағы ақшалай сертификаттарды қамтыды. Бас жүлде иесіне - шетелдегі халықаралық тілдік лагерьге жолдама, жетекшісіне су жаңа автокөлік табысталды. 

Байқау нәтижесі бойынша бірінші орын - Қарабалық ауданының намысын қорғаған Томирис Ореховаға, екінші орын – облыс орталығының атынан шыққан Айдос Маратқа, ал үшінші орын Әдемі Елдейбекке бұйырды.

Сайыс соңында облыс әкімінің орынбасары орынды ой айтты. Телефонға телмірген заманда төл тарихымызды танудың тиімді тәсілі осындай байқалулар екенін жеткізді. Ұлттық рухты жаңғыртар ұрпақ тәрбиелеу мақсатында мазмұндас бәйгелердің болашақта да жалғаса беретінін аңғартты.