Жаркөл жерінде облыс бойынша алғаш рет «Ұлы дала әуені» атты халықаралық этникалық музыка фестивалі өтті. Бұл байқау ұлттық өнердің мерейін үстем еткен тағылымы терең мәдени іс-шара болды. Фестивальде сайын даланың сан ғасырлық тарихын, көшпелі өркениеттің рухын бойына сіңірген қазақтың киелі саз өнері кеңінен насихатталды. Күмбірлеген күй мен әуелеген ән арқылы ұлттың болмысы, халықтың жан дүниесі, ата-бабадан жеткен асыл мұра дәріптелді.
Қазақ халқы үшін музыка – тек өнер ғана емес, ұлттың рухани жадын сақтайтын қастерлі құндылық. Фестиваль сахнасында домбыраның қос ішегінен төгілген күй тыңдарманды терең ойға жетелесе, қобыздың мұңлы үні өткен ғасырлардың сырын шерткендей әсер қалдырды. Сыбызғының сазды әуені табиғатпен үндескен көшпелі өмірдің тынысын сездіріп, жетігеннің нәзік үні халқымыздың бай музыкалық мәдениетін айшықтай түсті.