Арқаның арда ақыны Ақылбек Шаяхметтің елордада тағылымы мол жыр кеші ұйымдастырылды. Тобыл өңірінің талантты перзентіне арналған рухани іс-шараға қазақ әдебиеті мен тұтас түркі дүниесіне кеңінен танымал ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, Құмар Ақсақалов бастаған Қостанай облысының делегациясы және ақын шығармашылығын қадір тұтатын жырсүйер қауым қатысты.
Іс-шара қонақүй фойесіндегі көрмеден бастау алды. Көрмеде жиналған қауым қаламгердің ғұмыр жолынан сыр шертетін жеке заттарымен, жарық көрген кітаптарымен және алған марапаттарымен танысты. Ақын бұл шығармашылық кештің елорда төрінде алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын атап өтіп, жырсүйер қауымға ризашылығын білдірді.
Кештің салтанатты бөлігі одан әрі қонақ үй залында жалғасты. Рухани жиында ақынның ел мен жерге деген сүйіспеншілікке толы өлеңдері оқылып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ, Құмар Ақсақалов мерейтой иесінің иығына шапан жауып, қазақ руханиятына сіңірген еңбегіне жоғары бағасын білдіріп, жүрекжарды лепестер мен ақжарма тілегін жеткізді.
Ақылбек Қожаұлының шығармашылық кешіне құттықтау білдірушілердің қатары қалың болды. Солардың қатарында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің және Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының құттықтау хаты табысталды. Жылы лебіздер мен ақжарма тілектер ақынға деген ел құрметінің айқын көрінісі екенін байқатты.