Тобыл өзенінің жағалауы қоқыстан тазартылды. Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы «Таза су айдындары» акциясы аясында еріктілермен бірлесіп, өзен бойында сенбілік өткізді. Сонымен қатар, өзенге заңсыз құрылған балық аулау құралдарын анықтап, тәркілеу жұмыстары жүргізілді. Мамандар ескі, қараусыз қалған ау мен балық аулау құралдарынан су табанын тазартты. Жалпы іс-шараға 60-қа жуық адам жұмылдырылды.
Таза су айдындары» акциясы аясында КЖБИ көпірі маңындағы Тобыл өзенінің жағалауы қоқыстан тазартылды. Сенбілікке қатысқан ерікті Алтынай Абенова -экология мамандығының бірінші курс студенті. Оның айтуынша, өзен жағалауы қатты ластанған. «Пластик қалдықтары мен шашылып жатқан шыны бөтелкелерден аяқ алып жүру қиын», – дейді ерікті.
Бір-екі сағаттың ішінде өзен жағалауы тап-тұйнақтай тазарып шыға келді. Еріктілер балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері және басқа да табиғат жанашырларымен бірлесіп, қоқыстарды қаптарға жинап, трактор тіркемесіне тиеп шығарды. Жиналған қалдықтар арнайы полигонға жеткізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның басты мақсаты – өзен жағалауын тазарту ғана емес, жастарды табиғатты аялауға, өзен-көлдердің тазалығын сақтауға баулу.