Қостанайда ақын, журналист Тұрсын-Мәмет Бұқабаевты еске алуға арналған бильярдтан турнир өтті. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл жарысқа биыл 22 қатысушы жиналды. Іс-шараны өңірдегі БАҚ өкілдері және Қазақстан Журналистер Одағы Қостанай облыстық филиалы ұйымдастырды. Турнир тек спорттық бәсеке ғана емес, әріптесті еске алып, оның жарқын бейнесін жаңғыртуға арналды. Толығырақ тілші тарқатсын.

Сабыр мен дәлдік - бильярд үстіндегі басты қағида. Бұл ойын асығыстықты кешірмейді. Әр соққы - мұқият есептің, ал әр қозғалыс - жинақылық пен тәжірибенің көрінісі. Іс-шара тек спорттық бәсеке ғана емес, әріптестер арасындағы сыйластық пен рухани байланысты нығайтатын маңызды басқосу болды.

Тұрсын-Мәмет Бұқабаевтың есімі өңір журналистикасында айрықша құрметпен аталады. Баспасөз бен тележурналистиканы қатар алып жүріп, өз ісіне адалдықтың, шығармашылық ізденістің үлгісін көрсете білген тұлға. Қай салада еңбек етсе де, өзіндік қолтаңбасын қалдырып, кәсіби биіктікті бағындырды.

Қатысушылар жасыл үстел басында өзара мықтыны анықтап қана қоймай, кәсіби ортадағы бірліктің үлгісін көрсетті. Сайыс нәтижесі бойынша, бірінші орынды Қасқырбай Қойшыманов, екінші орынды Ержан Қожабеков, ал үшінші орынды Нұрқанат Құлабаев еншіледі.

Тұрсын-Мәмет Бұқабаевтың жарқын бейнесі мен өнегелі жолы әріптестерінің жадында мәңгі сақталады. Осындай тағылымды турнирлер арқылы оның есімі ұмытылмай, кейінгі буынға үлгі болып қала бермек.