Қамыстыда қазақтың төл өнері – айтыстың айбары асқан рухани кеш өтті. Ел ішінде айтыстың ақтаңгері атанған, «Алтын домбыра» иегері Айбек Қалиев арнайы келіп, қасиетті өнердің символына айналған домбыраны көпшіліктің назарына ұсынды.
Алтын домбыраны Тобыл өңіріне әкелген Айбек Қалиев Қамысты жеріне осындай өлеңін арнады. Айтыс өнеріндегі ең жоғары марапаттардың бірі саналатын бұл домбыраны жұртшылыққа таныстыруды ақын Қамысты ауданынан бастады.
Шарада аудан әкімі сөз алып, ұлттық өнердің ұлықталуы - ел руханиятының дамуының айқын көрінісі екенін айтты. Айтыс өнерінің қоғамдағы орны мен маңызына тоқталып, жастарды ұлттық құндылықтарды қастерлеуге шақырды.
Ақынның өнер жолындағы еңбегі жоғары бағаланып, қамыстылықтар дәстүрге сай иығына шапан жабып, ат мінгізді. Бұл - қазақы құрметтің айқын көрінісі ретінде көпшілік көңілінен шықты. Өз кезегінде Айбек Қалиев көрсетілген ықылас пен құрметке ризашылығын өлеңмен өрнектеді.