1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл мерекені қазақстандықтар ерекше ықыласпен күтіп, іс-шаралар легін бастап та кетті. Мәселен, Қостанай облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері Федоров ауданына арнайы бағдарламамен барып, жергілікті тұрғындармен кездесті, сондай-ақ қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері таң сәріден Федоров ауданына келді. Мұнда жұмыс бірден бірнеше бағытта қыза түсті. Алғашқы алаң Федоров ауданының арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы. «Шарқ» тәжік этномәдени бірлестігінің өкілдері арнайы дайындап әкелген дәмді тағамдарын мекемеге табыстап, хош иісті палау әзірлеуге кірісті.