Темір мен технология тілдескен, өндіріс тынысы сезілген ерекше күн. Қостанайда «Qostanai Tech» фестивалі аясында қатысушылар бірнеше өндіріс орнының жұмысымен танысты. Мақсат - қонақтарға заманауи өндірістің мүмкіндіктерін көрсету, инженерлік мамандықтарға деген қызығушылықты арттыру және өңірдегі индустриялдық дамудың қарқынын паш ету.
Облыс орталығына келген қонақтар ең алдымен Аллюр зауытына барды. Онда келушілер жеңіл автокөліктерді құрастыру желісінің жұмысымен танысып, сапа, бақылау жүйесіне ерекше назар аударды. Қазақстандағы ең ірі автокөлік құрастыру кешендерінің бірі саналатын бұл өндіріс орны отандық өндірісті күшейтіп, жұмыс орындарын көбейтіп, шетелдік брендтердің елімізде құрастырылуына мүмкіндік беріп отыр. Ал Агромаш Холдингі алаңында ауыл шаруашылығы техникаларын өндіру барысы көрсетіліп, агроөнеркәсіп саласына қажетті заманауи шешімдер туралы кеңінен мәлімет берілді. Кәсіпорында заманауи құрастыру желілері жұмыс істейді. Мұнда техника бөлшектері жинақталып, толық дайын өнімге айналады. Өндіріс процесі сапа бақылауының қатаң талаптарына сай жүргізіледі.