Қостанайда өткен ауқымды отбасылық ғылыми-инновациялық «QOSTANAI TECH» фестивалі өңірдің ғылыми-технологиялық әлеуетін айқындаған маңызды алаңға айналды. Оған Қазақстандағы ірі автоөндірушілердің бірі – Allur автокөлік зауытының қатысуы фестиваль мазмұнын жаңа деңгейге көтерді. Кәсіпорын тек өндірістік жетістіктерін ғана емес, болашақ мамандарды даярлау, дуалды оқыту жүйесін дамыту бағытындағы жұмыстарын да кеңінен таныстырды
Аталмыш фестиваль нағыз ғылым мен инновация мерекесіне айналды. Әртүрлі компаниялар мен білім беру ұйымдары өз жобаларын ұсынып, келушілерге жаңа технологиялардың мүмкіндігін көрсетті. Солардың ішінде Allur компаниясының экспозициясы ерекше қызығушылық тудырды. Компания өз алаңында тек жаңа автокөлік үлгілерін ғана емес, өндірісте қолданылатын роботтандырылған жүйелерді, цифрлық басқару шешімдерін және заманауи инженерлік технологияларды таныстырды.