Қостанай - өңірдің негізгі экономикалық орталығы болып қала беруде. Қала үлесіне облыстағы өнеркәсіп өнімінің жартысынан астамы, инвестицияның шамамен үштен бірі және бөлшек сауданың 70 пайызға жуығы тиесілі. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 376 миллиард теңгеден асты. Оның басым бөлігі - өңдеу өнеркәсібі. Бұл салада машина жасау жетекші орында.

Бірінші есептік тоқсан қорытындысы бойынша кәсіпорындар 12 мыңнан астам автокөлік пен арнайы техника шығарды. Десе де, кейбір кәсіпорындарда өндіріс көлемі төмендеген. Бұған шикізат тапшылығы, сұраныстың азаюы және өндірістік циклдердің ерекшеліктері әсер еткен. Жылдың екінші жартысында жағдай тұрақталады деп күтілуде.