Мал шаруашылығы - азық-түлік өнеркәсібін дамытудың негізгі кілті. Қостанай облысында сүт және ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту жобалары жалғасуда. Қазіргі таңда 7 жаңа сүт фермасы іске қосылды. 2027 жылға дейін тағы 6 сүт-тауар фермасын салу жоспарланып отыр. Бұл өңірдегі өңдеу кәсіпорындарының сүтке деген сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары өңірде мал шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Бұрын тек егін шаруашылығымен айналысқан аграршылар бүгінде ірі қара өсіруге, бордақылау алаңдарын ашуға және сүт фермаларын іске қосуға қайта бет бұрды. Мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие мен субсидия түрінде қолдау көрсетілуде. Алдағы екі жылда облыста несие есебінен 6 сүт-тауар фермасы салынады.