Жангелдин ауданында «Кеңшілік оқулары» шығармашылық жастар байқауы өтті. Байқаудың негізгі идеясы мен мазмұндық деңгейінің жоғары болуына оның бағыт-бағдары айрықша әсер етті. Осыған дейін ақпан айында өткен іріктеу кезеңіне аудан мектептерінен 62 оқушы қатысқан. Солардың ішінен 28 үміткер осы байқауға жолдама алған. Сайыс екі бағыт бойынша ұйымдастырылды.
«Қарлығаш дәурен» атты мәнерлеп оқу бағытына 20 оқушы қатысса, «Іңкәр дүние» номинациясында 8 жас ақын өз өлеңдерін оқып, бақ сынады. Арасында 35 өлеңге дейін жаттаған оқушылар да кездесті. Жыр сайысының 1-номинациясына ақынның ұрпақтары мен туыстары 9 арнайы жүлде тағайындаған.