Өткен жылы өңірде өрт қауіпті кезеңінде 32 орман өрті тіркелді. Жалпы аумағы 1650 гектарды құрады. Сондай-ақ, 8 дала өрті болып, ол 154 310 гектарды қамтыды. Құрғақ шөптің жануына қатысты 200-ден астам дабыл қағылған еді. Биыл бұл деректердің санын азайту, мүмкіндік болса, мүлдем болдырмау жолдары облыс әкімдігіндегі отырыста айтылды.

ТЖД қызметкерлерінің жұмысы жылдың қай мезгілінде де еш тоқтамайды. Қыста қармен, көктемде сумен, жазда өртпен арпалысады. Сондықтан облыста сәуірдің 6-нан өрт қауіптілігі кезеңі басталды. Осы айдың алғашқы екі аптасында-ақ облыстың 8 ауданында 14 дерек тіркелген. Тиісті талап-шарттарды сақтамаған 15 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.

Өңірдегі жағдайды орман шаруашылығы қызметкерлері де тұрақты бақылауда ұстап отыр. Былтыр олардың материалдық-техникалық базасы едәуір нығайтылып, қарауына 25 өрт сөндіру автокөлігі мен 26 трактор берілді. Бұл мақсатқа 3 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінген. Биыл «Қазавиаорманқорғау» ұшқыштары патрульдеу барысында 360 сағат әуеден бақылау жұмыстарын жоспарлап отыр.