Арқалықта көп функциялы дене-шынықтыру сауықтыру орталығы салынып жатыр. Өткен аптада спорт нысанының қазығы қағылып, құрылыс жұмыстары басталды. Сондай-ақ, жанынан жабық хоккей корты да бой көтереді. Өңір басшысы моноқалаға жұмыс сапары барысында осы атқарылып жатқан игі бастамалардың барысымен танысты.

Заманауи дене-шынықтыру сауықтыру орталығының бой көтеруі тұрғындар үшін көптен күткен қуаныш. Алдағы уақытта мұнда қала тұрғындары спорттың кез-келген түрімен айналыса алады. Ерекшелігі – кешенде шағын футбол алаңы орналасады. Мұндай алаң тек «Жігер» стадионында ғана бар. Адам саны көп болғандықтан, оның жүктемесі де көп, дейді жергілікті билік басындағылар.

Сондай-ақ, мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаттығу залы да ашылады. Ал жабық хоккей кортында күніне 60-қа жуық адам жаттығады. Жоба құны 550 млн теңгеден асады. Айта кетейік, екі нысанның құрылыс алаңының жалпы ауданы 2,3 мың шаршы метр. Құмар Ақсақалов бұнан соң былтыр есігін айқара ашқан спорт-интернат жатақханасына да бас сұқты. Бүгінде 150 жасөспірім осында келіп жүр. Мемлекеттік қызметкерлер де нысанда тегін жаттығады. Моноқаладағы ілкімді істерге жергілікті жұртшылық дән риза екенін жеткізді.