eGov.kz электрондық үкімет порталы іске қосылғанына 20 жыл толды. Осы уақыт аралығында портал қарапайым ақпараттық ресурс деңгейінен толыққанды цифрлық экожүйеге дейін дамып, әрбір қазақстандықтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, eGov.kz тарихы – бұл 2006 жылдан бастау алған жүйелі даму кезеңдерінің жиынтығы. Порталдың негізін қалауға Президенттің электрондық үкіметті қалыптастыру мемлекеттік бағдарламасы себеп болды. Алғашында портал тек анықтамалық қызмет атқарып, азаматтарға мемлекеттік органдар мен қызметтер туралы ақпарат ұсынумен шектелген еді. Уақыт өте келе электрондық үкіметтің базалық инфрақұрылымы қалыптасып, мемлекеттік қызметтерді онлайн форматта алу мүмкіндігі пайда болды. Даму кезең-кезеңімен жүзеге асты: алғашқы электрондық қызметтерден бастап онлайн төлемі бар транзакциялық сервистерге, одан әрі өмірлік жағдайларға негізделген кешенді қызметтерге дейін жетті. Бұл шешімдер ең сұранысқа ие қызметтерді алуды жеңілдетіп, мемлекеттік органдарға жеке жүгіну қажеттілігін едәуір қысқартты.