Қостанайда орталық саябақтағы ерекше көрініс бүгін көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Ашық аспан астында қаз-қатар тізіліп отырған балалар ақ параққа өз армандарын түсіріп жатты. Тақырып - маңызды әрі өзекті: есірткісіз болашақ. Қалалық прокуратура бастамашы болған шара дүниежүзілік денсаулық күніне арналды.

Орталық алаң құдды бір көрме залына айналғандай. Жеткіншектер өткен-кеткен адамдарға назар аударар емес. Бар ынталары ақ қағаз бен бояуда. Әр сурет - кішкентай жүректердің үлкен таңдауы. Әрқайсысы қолдан келгенше өмірдің жарығын, денсаулықтың қадірін, болашақтың үмітін бейнелеп, қылқалам көмегімен жеткізуге тырысуда.