Көктем келісімен Қостанай көшелеріндегі жол жабыны сыр бере бастады. Шұңқырлар көбейіп, асфальттың сапасы сын көтермей тұр. Қазір шұғыл жөндеу жұмыстары қолға алынды. Ал ауқымды қалпына келтіру кезеңі жер кепкесін басталмақ. Биыл облыс орталығында жол инфрақұрылымын жаңғыртуға 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
Ауа райының күрт жылынуы, еріген қар және көлік қозғалысының көптігі жыл сайын жол жамылғыларына кері әсерін тигізеді. Қала көшелерінде шұңқырлар пайда болады. Оларды жою үшін жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар апаттарды азайтып, көлік қозғалысын қамтамасыз етеді. Дегенмен, сарапшылар бұл уақытша шешім екенін және толық жол маусымы басталғанға дейін созылатынын атап өтті.