Қостанай қаласында облыс әкімі көпқабатты тұрғын үйлердегі жылу есептегіш құралдардың жұмысымен танысу үшін бірқатар мекен жайға барды. Осы ретте өңір басшысы Бородин көшесіндегі №111- тұрғын үйге кіріп, заманауи жылу есептеу жүйелерінің тиімділігі мен тұрғындар үшін маңызын көзбен көрді.
Жауапты сала мамандары облыс әкіміне бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін, оның техникалық ерекшеліктерін және экономикалық тиімділігін түсіндірді. Сондай-ақ, мұндай құралдарды орнатуда туындайтын негізгі мәселелерді де тілге тиек етті. Әкім өз кезегінде жауапты сала басшыларына бірқатар нақты тапсырма берді. Атап айтқанда, жылу есептегіш құралдарды орнату шараларын кезең-кезеңімен арттыру, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын күшейту мен тариф саясатының ашықтығын қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Тұрғындарға арналған нұсқаулықтар да назардан тыс қалмады. Мамандар жылуды үнемдеу жолдарын, есептегіш көрсеткіштерін дұрыс оқу тәртібін және коммуналдық төлемдерді тиімді басқару тәсілдерін айтты. Бұл халықтың коммуналдық мәдениетін арттыруға ықпал етеді.