Ғылым күні – ізденіс пен жаңашылдық мерекесі. Осы айтулы дата қарсаңында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде ұйымдастырылған баспасөз туры білім мен ғылымның тоғысқан ордасындағы тыныс-тіршілікті жаңа қырынан танытты. Университет ғалымдары өз ғылыми еңбектерінің қыр-сырына үңілуге мүмкіндік берді. Осы ретте қатысушылар тың жобаларды тек тамашалап қоймай, ғалымдармен тілдесіп, түрлі тәжірибелерге де атсалысты .

Жергілікті жоғары оқу орнының ғылыми-технологиялық паркінде өткен бұл іс-шара – тек таныстыру алаңы емес, ой мен идеяның, тәжірибе мен жаңалықтың тоғысқан кеңістігі іспетті болды. Университет қабырғасында жүзеге асырылып жатқан сан түрлі жобалар мен зертханалық жұмыстар көпшілік назарына ұсынылып, ғылымның нақты өмірмен байланысы айқын көрініс тапты.