Тобыл төрінде тұма жырдың тегеурінді тұлғаларының басын қосқан мәдени мәні зор іс-шара өтті. Халық ақыны - Әсия Беркенованың 75 жас мерейтойына арналған «Айдын жырдың аққуы» атты республикалық айтыс елдің назарын өзіне аударған рухани кеш болды. Мерейтой иесінің төл өнерді түлетуге қосқан қомақты үлесі мен шалқар шығармашылығы әспеттелген әдеби мереке меймандос мекеннің мәртебесін асқақтатты. Жер-жерден жиналған жүйріктердің жыр жарысы жергілікті жұрттың делебесін қоздырды. Өз ойын өлеңмен өріп, өрелі сөз айта білген, азуын айға білеген айтыскерлердің ашық айқасына тілшіміз куә болды.