Биыл Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл. Қарқынды дамып келе жатқан аспанасты елі Азиядағы ең басты және сенімді серіктес болып қала бермек. Бұл туралы қытайлық инвесторлармен кездескен облыс әкімі айтты.  

Кездесуде Тобыл станциясындағы вагондарды жөндейтін депо құру жобасы талқыланды. Инвесторлар оның ерекшеліктеріне тоқталды. Айтуларынша, сол сияқты дайын өнімді сақтайтын қойма, өндіріс цехтары мен заманауи кеңселер және кәсіпорын жұмысшылары үшін ыңғайлы жатақхана салу мүмкіндіктерін қарастыруға әзір. Вагон жөндеу депосы Ақтау, Арыс, Жетісу облысындағы Достық сияқты нысандардың құрамдас бөлігі болмақ. Жоба құны 113,5 млн доллар. Оның 38,5 млн-ын Тобылдағы депоға жұмсауға мүдделі. Инвестордың сөзінше, нысан өңірдің экономикасына серпін беріп, теміржол арқылы тасымалданатын тауар айналымының көлемі арта түседі. Жергілікті билік бұндай ұсынысқа қызығушылық танытып, бірлескен жобаның жемісті боларына сенім білдірді.