Қазақстан орман шаруашылығы мекемелерінің көлік паркін толығымен жаңартты. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
2024 жылы қолданыстағы техниканың 72 процентке тозуын ескере отырып, орман мекемелерін материалдық-техникалық жабдықтауға орман саласы тарихында алғаш рет талап етілген қаржыландыру бөлінді. Бұл өрт жиі болатын орман мекемелерінің автопаркін толығымен жаңартуға және жабдықтауды 100%-ға жеткізуге мүмкіндік берді. Оның ішінде Қостанай облысы да бар. Жалпы өңірлер бойынша лизинг және бюджет қаражаты есебінен жалпы сомасы 47 млрд теңгеге өрт сөндіру көліктері, шағын орман өртін сөндіру кешендері, трактор және күзет машиналары сатып алынды. Айта кетейік, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап орман өрті станциялары қызметкерлеріне лауазымдық жалақыдан 100 пайыз көлемінде үстемеақы белгіленді.