Қостанайда жылыту маусымы басталғаннан бері 30-дан астам өрт оқиғасы тіркелген. 3 адам көз жұмды. Оның екеуі балалар. Бұл, төтенше жағдайлар департаментінің рейд шараларын өткізуіне түрткі болып отыр. 


Құтқарушылар бұл жолы облыс орталығындағы жатақханаларды тексерді. Бірқатарында қауіпсіздік ережелері сақталмайтыны анықталды. Осындай көп баспананың бабы қашқан. Әр жерде электр сымдары салбырап тұр. Өрт тұтану қаупі жоғары. Сондықтан, бұл мекенжайлар төтенше жағдайлар департаментінің жіті назарында. Сала мамандарының сөзінше, өрт оқиғаларының алдын алу мақсатында тұрғындар арасында тоқсан сайын түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл шаралар жергілікті полиция қызметі өкілдерімен және мемлекеттік органдардың араласуымен іске асады.