Әулиекөлде үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған адамдарға толыққанды қолдау көрсету маңызды. Бұл туралы аймаққа сапарлап барған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Мұнда президент Әулиекөл ауданындағы өрт сөндіру жұмыстарымен танысып, Төтенше жағдайлар минстрі Юрий Ильинмен бірге өрт аумағын тікұшақпен аралып шықты. Кейін өртті сөндіру жөніндегі шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді. Президент болған жағдайдан тиісті сабақ алу қажет екенін атап өтіп, Үкімет пен Қостанай облысының әкімдігіне зардап шеккен тұрғындарға шұғыл түрде өтемақы төлеу мәселесін қамтамасыз ету тапсырды. Оның айтуынша, орман алқабын қайта қалпына келтіру үшін кешенді шаралар әзірлеп, алдағы уақытта осындай апатты жағдайларды болдырмау жөніндегі алдын алу жұмыстарын жүргізу керек. Әрі өрттің шығу себебін анықтау қажет екеніне назар аударды.