Өңірде Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалысын іске асыруда көптеген шаралар жүзеге асуда. Бүгінгі сайыс соның бір парасы. «Мемлекеттік тіл - мемлекеттік қызметте» атты байқауының алғашқы кезеңінің тапсырмасы бойынша команда капитандары атауы және ұранымен таныстыруы тиіс. Серік Бақытжан Меңдіқара ауданында ішкі саясат бөлімінің бас маманы болып қызмет етеді. Сөзінше, бүгінде мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүргендерге қазақ тілін білу басты талап.
Ал, мемлекеттік қызметшілер латын графикасына көшуге қаншалықты дайын? Қазақстанның киелі жерлері туралы не біледі? Тілдің қолданыс аясын кеңейтуге қаншалықты үлес қосып жүр? Саят Қабденов тілге деген көзқарас, елге деген көзқарас екендігін айтады.
Сайысқа білікті тіл мамандары төрелік етуде. Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл тек сайыс емес, сондай-ақ қазақ тілі арқылы барлық ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына біріктіруге бағытталған шара. Жыл сайын жалғасын тауып келе жатқан облыстық доданың биыл форматы біршама өзгерген.
Қазақстандық мемлекеттілік, қоғамдық сананы жаңғыртуда тілдің алатын орны бөлек. 2025 жылға дейін қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс. Елдің болашағы – қазақ тілінде, - деді Президентіміз Қазақстан халқына жолдауында. Сайысқа қатысушылар да мемлекеттік тілді меңгергеннің жолы ашық екенін түсінеді.
Байқауға барлығы 17 команда, 54 қызметкер қатысты. Әділ қазылар алқасының шешімімен үш кезеңнің қорытындысы бойынша облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы командасының мерейі үстем болды. Жеңімпаздар Астана қаласында өтетін республикалық сайысқа жолдама алды.