Ақын, жазушы, публицист Ақылбек Шаяхметтің есімі республикаға мәлім. Мемлекеттік баспалардан жарық көрген 40-тан астам кітаптың авторы кезекті рет оқырмандарын өз төңірегіне ұйытты. Шығармашылық кешке арнайы келген зиялы қауым өкілдері қаламгердің қазақ әдебиетіне қосқан үлесін тілге тиек етіп, ақындық өнерін жоғары бағалады.
Кездесуге келгендер фойеде безендірілген «Кәусар сөз зергері» көрмесін асқан қызығушылықпен тамашалады. Көрмеге түрлі марапаттар, дипломдар мен грамоталар, автордың кітаптары, мерзімді басылымдар, мерейтой иесі жайындағы материалдар қойылды.
Ақынның Шоқан, Ыбырай жайлы жазған және өзге де тақырыптар арқау болған пьесалары оны драматургтық қырынан елге танытты. Балалар әдебиетінде де айшықты қолтаңбасы бар. Ал өлеңдері республикалық сахналарда ұдайы шырқалып жүр.
Кештің соңында ақын өзінің шығармашылығынан орыс және қазақ тілдерінде өлеңдерін оқып, келген қонақтарға алғысын айтты. Жиналған жұртшылық рухани азықпен сусындап, мерекелік кештен риза болып тарқасты.
Даниел Сейфоллаұлы