Жас балуандар бәсекесі
Болашақтың іргетасі бала шақтан басталады. Қостанайда «Мектеп күрес лигасы» аясында жас балуандар бас қосып, республикалық финалға жолдама үшін боз кілемде бақ сынады. Грек-рим және еркін күрестен өткен додаға Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары мен Астана қаласының спортшылары қатысты.
Боз кілемдегі кез келген белдесу оңайға соқпайды. Бұл кезеңде балуандар тек жеке нәтижесі үшін емес, өз командасының жеңісі үшін де күреседі. Себебі әр ұпайдың командалық есепте маңызы зор. Жарыс 2012-2013 жылдары туған жасөспірімдер арасында ұйымдастырылды.
Мектеп лигасының басты мақсаты – спортшылардың күрес тәжірибесін арттырып, жаңа есімдерді таныту. Бұл жолғы жарысқа Қазақстан чемпионатына қатыспаған балуандар да мүмкіндік алды. Ал іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша үздік шыққан команда финалға өтеді.
Ал Астанадан келген Нұрасыл Нұрсұлтан 85 келі салмақ дәрежесінде белдесті. Күреспен 2-3 жылдан бері айналысатын жас спортшы осы уақыт ішінде бірнеше жарыста жүлделі орындарға қол жеткізген. Бұл жолы да қарсыластарына лайықты өнер көрсетті.
Айта кетейік, іріктеу кезеңінде жеңіске жеткен командалар 8- желтоқсанда Орал қаласында өтетін республикалық финалда чемпиондық атаққа таласады. Ал ол жарыстың жалпы жүлде қоры – 20 миллион теңге. Осылайша, мектеп лигасы жас балуандарға өз шеберлігін дәлелдеп, үлкен спортқа қадам басуға мүмкіндік беріп отыр.