Өңір өрісін кеңейткен құрылыс
Құрылыс - ел дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Ал «Халықтық құрылыс жылы» бұл салаға жаңа міндеттер жүктеп, ауқымды жобаларға жол ашпақ. Қостанай облысында да құрылыс жұмыстары қарқын алып, жаңа нысандардың қатары толығуда. Тұрғын үйден бастап, спорт кешені мен білім ордаларына дейінгі бірқатар жобаның жүзеге асу барысын аймақ басшысы арнайы аралап көрді.
Ауданы 5,2 мың гектарды алып жатқан аумақта осы жылдың шілдесінде спорт кешенінің құрылысы басталды. «Қостанай арена» деген атау берілген нысанда 7 блок болады.
Жұмыс 2028 жылдың тамызында аяқталуы қажет. Алайда, облыс әкімі мүмкіндігінше құрылысты тез бітіруді тапсырды. Ғалымжан Есетовтың айтуынша, абаттандыру жұмыстарын 2028 жылға қалдырып, нысанды 2027 жылдың соңында пайдалануға беруді қарастыруға болады. Сол абаттандырудың өзіне де бірнеше нұсқа қарастырылған.
Құмар Іргебайұлы барған тағы бір нысан тұрғын үй құрылысының алаңы. 50 мың шаршы метрлік 9 қабатты үйдің жетеуі салынып жатыр. Құрылыс компаниясы директорының сөзінше, 1008 пәтерге бір отбасында 3 адамнан деп есептесе, 3 мың адам келер жылы қоныс тойын тойлауы бек мүмкін. Ал бөлінген қаражат 30 млрд теңге.
Үйлердің жанынан 25 мың шаршы метрлік жаңа сауда-ойын-сауық орталығы бой көтермек. Ішінде 6 залдық кинотеатр, 120 дан аса дүкен, 15-тен көп мейрамхана мен 700 орындық автотұрағы бар ғимараттың құны 8 млрд теңге.
Аймақ басшысы 1200 балаға шақталған Астана ш.а. мектептің құрылысымен де танысып қайтты. Ауданы 12 мың шаршы метрлік білім ордасының ішін ұлттық нақышта безендіру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ауданда 5 қабатты 13, 9 қабатты 10 үй салынуда. Оған қойылатын терезелерді мердігер облыс әкімімен бірге таңдады.
Жалпы, облыста былтыр 1 млн 900 мың шаршы метрлік тұрғын үй салынған. Әсіресе, жеке құрылыс компанияларының аймақтың әрбір ауылында үй салуға деген сұранысы артып келеді. Дәл осы тұсты облыс әкімі де баса айтып өтті. Бұл ретте тек тұрғын үй саны ұлғайған жоқ, бюджетке түскен салықтың да көлемі артқан. Алдағы 1 жарым – 2 жылда тұрғын саны өсетін шағынауданға қаламен байланыстырып, көлік ағынын азайтатын бірнеше көпір керек. Бұл жайлы Құмар Іргебайұлы былай деп жауап қатты.
Президенттің 2027 жылды «Халықтық құрылыс жылы» деп жариялау бастамасы аясында өңірдегі құрылыс жұмыстарының қарқыны арта түспек. Қостанайда бой көтеріп жатқан тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен жаңа инфрақұрылымдық жобалар осы бастаманың жүзеге асуына өзіндік серпін берері сөзсіз.