Газет – ұлт руханиятының темірқазығы
Қостанайда «Қазақ газеттері» ЖШС төрағасы Ержан Байтілеспен кездесу өтті. Басқосу барысында мерзімді баспасөздің бүгінгі жай-күйі, ұлттық журналистиканың даму бағыттары мен басылымдардың қоғамдағы рөлі сөз болды. Кездесу барысында Ержан Байтілес баспасөз саласындағы өзекті мәселелерге тоқталып, газет оқырмандарының сұранысы, басылымдардың мазмұндық сапасы және дәстүрлі журналистиканың маңызы жөнінде ой бөлісті. Сондай-ақ қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, пікір алмасты. Еркін форматта өткен жүздесу мазмұнды әңгімеге ұласып, ақпарат саласындағы тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Әңгіменің әлқиссасын Ержан Айтөреұлы бастап, қазақ газеттерінде атқаралып жатқан жұмыстарға және ұлттық мүдде жолындағы істерге тоқталды. Осыған дейін 15 өңірде болған серіктестік директорының айтуынша, баспасөзге жазылып, оны оқу тұрақты оқырман болудың алғашқы баспалдағы. Дейтұрғанмен әлеуметтік желі ақпарат таратуда лезділікпен және жылдамдығымен көзге түсеніті мәлім. Соған орай арнайы жобалар қолға алынған. Кездесуде ұлттық мүддені ту еткен баспасөздің қоғамдағы орны мен маңызы да сөз болды. Жиын одан әрі зиялы қауым өкілдерінің сұрақ-жауабы мен еркін пікір алмасуына ұласты. Белгілі ақын, көсемсөз шебері, ғалым Серікбай Оспанов сөз алып, ана тілінің тазалығын сақтау, тіл мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне қатысты өз ой-пікірін ортаға салды.
Ал ҚР білім беру ісінің үздігі Биалаш Сүйінкина ұлы тұлғаларды мерейтойы тұсында ғана еске алып, мақала жазумен шектелу жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның пікірінше, елге еңбегі сіңген азаматтардың болмысын, қайраткерлік келбетін қоғамға сіңірген еңбегі мен нақты істері арқылы таныту маңызды. Ұстаз кейбір тарихи тұлғалар туралы мақалалардың жазылмай жүргеніне қынжылыс білдірді.
Іс-шараға қатысқан жастар да өз ой-пікірлерімен бөлісті. Журналистика мамандығының студенті Аружан Ғалымжан мұндай тағылымы мол кездесулердің жиі ұйымдастырылуы жас ұрпақ үшін маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, өрбіген мазмұнды әңгімелер жастарға үлкен сабақ әрі кәсіби тұрғыдан ой түюге мүмкіндік береді.
Кездесу барысында көтерілген ойлар мен ортаға салынған пікірлер ұлттық баспасөздің қоғам алдындағы жауапкершілігін тағы бір мәрте айқындады. Басылымның беделі мазмұны мен ұстанымында. Ал ұлт руханиятына қызмет ету – журналистиканың басты міндеттерінің бірі.