Әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі өзгереді
Қазақстанда әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі өзгереді. Енді бұл ретте отбасының табысы ғана емес, банктегі қаражаты мен иелігіндегі мүлкі де ескеріледі. Жаңа талаптар 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсіндірді.
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік әлеуметтік көмек отбасының әл-ауқатын ескере отырып тағайындалады. Мұқтаждық деңгейін анықтау үшін 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйедегі деректерді біріктіретін Отбасының цифрлық картасы қолданылады. Алайда министрлік бұл жүйе азаматтардың күнделікті шығындарын, дүкендегі сатып алуларын немесе туыстары мен достарына жасаған ақша аударымдарын бақыламайтынын атап өтті. Сондай-ақ ол жеке банктік шоттардың үзінді көшірмелеріне қол жеткізе алмайды. Отбасының қаржылық жағдайын бағалау үшін банктер жеке мәліметтерді ашпай, тек жалпыланған көрсеткіштерді береді. Яғни жүйеге нақты ақша сомалары мен жеке операциялар туралы ақпарат жіберілмейді. Оның орнына банктік шоттар мен депозиттердегі орташа күндік қалдықтар, сондай-ақ шығындардың жекелеген санаттары бойынша жинақталған деректер ұсынылады.