Өшпес мұра қалдырған қаламгер
Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағы Қостанай облыстық филиалының төрағасы болған Жанұзақ Аязбекұлының есімі Тобыл-Торғай журналистикасы мен әдебиетінде айрықша орын алады. Саналы ғұмырын сөз өнеріне арнап, соңына мол шығармашылық мұра қалдырған қаламгердің дүниеден өткеннен кейін «Көңіл көзі» атты кітабы жарық көрді. Жинаққа әр жылдары жазылған әдеби сын, эссе, әңгіме мен сұхбаттары топтастырылған. Қостанайда қаламгер рухына тағзым етіліп, жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Жанұзақ Аязбекұлы 1954 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында-ақ зеректігімен көзге түсіп, жазған әдеби рецензиясы белгілі сыншы Сағат Әшімбаевтың назарына ілікті. 1977 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдап, еңбек жолын Қостанай өңірімен байланыстырды. Өмірінің соңына дейін Тобыл-Торғай топырағында табан аудармай, ғұмырын журналистикаға арнап, соңына тағылымды із қалдырды.
Жанұзақ Аязбекұлының дүниеден өткеннен кейін «Фолиант» баспасынан «Көңіл көзі» атты кітабы жарық көрді. Тағзым кешінде қаламгер мұрасын оқырманға таныстыру мақсатында жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті. Кітаптың тұсауын Қостанай облысы мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов, ақын, ғалым Серікбай Оспанов және қаламгердің қарындасы Бибіғайша Аязбекқызы кесті.
«Көңіл көзі» жинағына қаламгердің әр жылдары жазған еңбектері топтастырылған. Кітап «Этнотаным», «Әңгімелер», «Әдеби эсселер», «Әдеби сын», «Сырлы сұхбат» атты бес бөлімнен тұрады. Бальзактан бастап талай қаламгердің шығармашылығына үңіліп, өзіндік пайымын білдірген Жанұзақ Аязбекұлының әдеби мұрасы - ізденіс пен танымның жемісі.
Жанұзақ Аязбекұлы 72 жасында өмірден өтті. Қостанай облысының әкімдігі марқұмның соңғы аманатына құрметпен қарап, туған жеріне жерлеу туралы тілегінің орындалуына ықпал етті. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов бастаған арнайы делегация туған-туыстарына көңіл айтып, марқұмның топырағын туған жерінде салды.