Негізгі Жаңалықтар Декреттегі әйелдерге тиесілі төлем

Декреттегі әйелдерге тиесілі төлем

2026 жылдың алғашқы он айында Қазақстанда 130,1 мың әйел жүктілік пен босануға байланысты біржолғы әлеуметтік төлем алды. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры оларға 144,6 млрд теңге аударған. Бұл туралы еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.


Жүктілік пен босануға байланысты еңбекке жарамсыздық парағы жүктіліктің 30-аптасынан бастап беріледі. Төлемге өтінішті парақ берілген күннен бастап 12 ай ішінде тапсыру қажет. Ол соңғы 12 айдағы әлеуметтік аударымдар жасалған орташа айлық табыс негізінде есептеледі. 2026 жылы есепке алынатын табыстың ең жоғары шегі – айына 595 мың теңгеге тең. Қалыпты жағдайда 126 күндік декреттік демалыс үшін 4,2 коэффициенті қолданылады. Босану асқынған немесе екі және одан көп бала туған жағдайда демалыс 140 күнге созылып, 4,67 коэффициенті есептеледі. Ядролық сынақ аймақтарында тұратын әйелдерге жоғары коэффициенттер қарастырылған. Босанғаннан кейін қосымша 14 күндік аурухана парағы берілсе, төлем қайта есептеледі. Ал жұмыс беруші еңбек немесе ұжымдық шартта көзделсе, қызметкердің орташа жалақысына дейін қосымша ақы төлей алады.



Бөлісу