Негізгі Жаңалықтар «Алаң – 2026»: ұлттық спортты ұлықтаған турнир

«Алаң – 2026»: ұлттық спортты ұлықтаған турнир

Күш, ептілік және жеңіске деген ұмтылыс. Федоров ауданында қазақ күресінен «Алаң – 2026» облыстық турнирі өтті. Жарысқа Қостанай облысының әр өңірінен 140-тан астам жас балуан қатысты. Олар ұлттық күрестен өзара мықтыны анықтап, жүлделі орындар үшін бақ сынады. Турнир қалай өтті және жеңімпаздар кімдер? 

Федоров ауданында қазақ күресінен «Алаң» облыстық турнирі биыл төртінші рет ұйымдастырылды. «Атлет» стадионының спорт залында өткен жарысқа облыстың 13 командасынан 140-тан астам жас балуан жиналды. 2013-2015 жылдары туған ұл-қыздар тоғыз салмақ дәрежесі бойынша боз кілемге шығып, өзара мықтыны анықтады. Турнирдің ашылуында аудан әкімі мен жарыстың бас төрешісі жас спортшыларға сәттілік тіледі. 

Алғаш болып боз кілемге қыздар шықты. Бірінші белдесулерден-ақ әр спортшының жеңіске деген талпынысы байқалды. Қазақ күресінде балуандар тік тұрып белдеседі. Аяқтан ұстауға және жерде жатып күресуге болмайды. Сондықтан жеңіске жету үшін қарсыластың әдісіне тойтарыс беріп, өз тәсіліңді ұтымды қолдану қажет. Мұнда күшпен қатар ептілік һәм шеберлік те маңызды.

Қыздардан кейін бозбалалар арасындағы белдесулер басталды. Әр салмақ дәрежесінде спортшылар жеңіске жету үшін барын салды. Жас балуандардың өнерін жанкүйерлер де жіті бақылап, өз командаларына қолдау көрсетті. Федоров ауданының намысын бұл жарыста 15 спортшы қорғады. Олардың басым бөлігі – облыстық және республикалық жарыстарда тәжірибе жинаған жас спортшылар. 

Ауданда жас спортшылардың дайындығына да көңіл бөлініп келеді. Ұлттық спортты дамыту, жаттықтырушыларға қолдау көрсету және ауылға жас мамандарды тарту бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Ал жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте Федоров ауданының балуандары бірінші орын алды. Екінші орынды Жітіқара ауданының командасы иеленсе, үшінші орын Қостанай ауданының спортшыларына бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар, медальдар және ақшалай сертификаттар табысталды. Алғашқы үш орынға белгіленген жүлде қоры – 150 мың теңге. 


Бөлісу