Мал ауруларының алдын алу жұмыстары жалғасуда
Қостанай облысында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың қорытындысы шығарылды. Биыл мамандар жануарлар арасында қауіпті аурулардың алдын алуға, бруцеллезбен күресуге, мал басын есепке алуға және ветеринариялық нысандарды дамытуға басымдық берді.
Өңірде малды вакциналау және диагностикалық тексеру жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп келеді. Биыл республикалық қордан 6 миллионнан астам доза препарат жеткізілсе, жергілікті бюджет есебінен қосымша 640 мыңға жуық доза сатып алынған. Алдын алу шаралары жануарлар мен құстар арасында кездесетін аса қауіпті аурудың 13 түрін қамтиды. Әсіресе, бруцеллезге қарсы күреске басымдық берілген. Мамандардың мәліметінше, былтырғымен салыстырғанда ауруға оң нәтиже көрсеткен мал саны азайған.
Бұл салада инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жалғасуда. Облыста типтік мал қорымдары мен ветеринариялық пункттер салынып жатыр. Жаңа нысандар ауыл тұрғындарына қызмет көрсететін орталыққа айналмақ. Мұнда мал иелері мамандардан кеңес алып, вакцина салдыруға, диагностикалық тексеруден өткізуге және ветеринариялық көмекке жүгіне алады. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Мал қозғалысына бақылау да күшейтілді. Ветеринария басқармасы полиция департаменті және аумақтық инспекциямен бірлесіп, құжатсыз мал тасымалдау, сәйкестендіру нөмірінің болмауы және ұрлық-қарлық күдігіне қатысты ортақ іс-қимыл тәртібін әзірлеген. Мамандардың айтуынша, ветеринариялық ахуалдың тұрақтылығы мал иелерінің жауапкершілігіне де байланысты. Сондықтан төрт түлікті уақтылы вакцинациялау, есепке алу және құжаттарын дұрыс рәсімдеу маңызды. Бұл – аурудың алдын алып, өңірдегі ветеринариялық қауіпсіздікті сақтаудың негізгі шарты.