Негізгі Жаңалықтар Он айдың қорытындысындағы оң нәтижелер

Он айдың қорытындысындағы оң нәтижелер

Жітіқара ауданында биыл экономикалық өсім байқалады. Жылдың алғашқы он айында өнеркәсіп өндірісі 18,3 пайызға, ауыл шаруашылығы 20,5 пайызға, инвестиция көлемі 19,7 пайызға артқан. Құрылыс саласында да оң көрсеткіш бар. Сонымен қатар ауданда туризмді дамыту және аграрлық секторды жаңғырту бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылуда. 

Жітіқара – өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы қатар дамыған аудандардың бірі. Мұндағы өндіріс орындары өңір экономикасына елеулі үлес қосып келеді. Соның ішінде тау-кен өндірісі мен хризотил-асбест шығару салалары ауданның негізгі өндірістік бағыттарының бірі саналады.

Ауданның аграрлық әлеуетін арттыруға да басымдық берілген. Егін жинау науқаны аяқталып, дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 12,8 центнерді, майлы дақылдар 5,4 центнерді құрады. Шаруашылықтар техникалық базасын да нығайтып келеді. Жыл басынан бері жалпы құны 1 миллиард 280 миллион теңге болатын 22 бірлік арнайы техника сатып алынған.

Туризм саласында төрт жоба қолға алынған. Қазір құны 500 миллион теңгелік дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 160 миллион теңге тұратын қонақ үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, бұрынғы балалар лагерінің аумағында демалыс базасын ашу және Желқуар өзенінің жағасында жағажай аймағын ұйымдастыру жоспарланған.


Бөлісу