Білім мен ғылым: жаңа реформалар, тың мүмкіндіктер
Білім мен ғылымды дамыту – ел болашағына салынған инвестиция. Соңғы жылдары елімізде білім беру мен ғылым саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Студенттерге арналған гранттар саны артып, шәкіртақы көлемі өсті. Жатақханалар салынып, шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды. Сонымен қатар жасанды интеллект бағытындағы білім беру бағдарламалары кеңейіп, ғылымды қаржыландыру көлемі ұлғайды. Жастарды қолдау бағытындағы бұл бастамалар қандай нәтиже беріп отыр?
Соңғы жеті жылда елімізде 655 мыңнан астам білім гранты бөлінді. Сонымен қатар студенттердің шәкіртақысы екі есеге артты. Жастардың тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында 2018-2025 жылдары 72 мың орындық 281 жатақхана салынып, қайта жаңартылды. Бұл жұмыстар жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып, студенттерге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді. Білім сапасын көтеру ісі халықаралық ынтымақтастықпен де жалғасып келеді. Бүгінде Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы жұмыс істейді. Сонымен қатар отандық университеттерде заманауи білім беру бағыттары дамып келеді. Соның бірі – жасанды интеллект саласы. Қазір 31 жоғары оқу орнында осы бағыт бойынша 44 білім беру бағдарламасы оқытылады. Ал AI-Sana бағдарламасы аясында 706 мың студент жасанды интеллектіні меңгерген. Жаңа технологияларды игерумен қатар, отандық ғылымды дамытуға да көңіл бөлінуде. Соңғы жылдары ғылыми-зерттеу жұмыстарына жұмсалатын қаржы 3,2 есеге артып, 261,5 миллиард теңгеге жетті. Ғылымға бет бұрған жастардың қатары да көбейіп, жас ғалымдар саны 14 мыңнан асты. Олардың 812-сі баспанамен қамтамасыз етілді.