Негізгі Жаңалықтар TALDAU: өңір дамуының өзекті бағыттары

TALDAU: өңір дамуының өзекті бағыттары

Қостанайда TALDAU сарапшылар клубының кеңейтілген отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді өңірлік деңгейде жүзеге асыру жолдары қаралды. Сарапшылар Қостанай облысының экономикалық мүмкіндіктері мен даму перспективаларын талқылап, салалар бойынша өзекті мәселелерді көтерді.

Кездесуге мемлекеттік орган өкілдері, экономика, экология және қоғамдық даму саласының мамандары қатысты. Талқылау барысында стратегиялық жоспарлау, ғылыми зерттеулерге сүйенген шешімдер қабылдау және адами капитал сапасын арттыру мәселелеріне назар аударылды.

Өңірдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуде агроөнеркәсіптік кешеннің орны ерекше. Бұл салада өндіріс көлемін ұлғайтумен қатар, шикізат пен өндірістік қалдықтарды тиімді пайдалану мәселесі де күн тәртібінде. Әсіресе ауыл шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеп, қосымша өнім өндіру экономикалық әрі экологиялық тұрғыдан тиімді бағыттардың бірі ретінде қарастырылды.

Көлік-логистикалық байланыстарды кеңейту мен инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру да назардан тыс қалмады. Ресеймен шекаралас орналасқан Қостанай облысы Еуразиялық көлік дәліздері жүйесінде маңызды орынға ие. Осы мүмкіндікті пайдалану өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа экономикалық серіктестіктерге жол ашуы мүмкін.

Кездесу соңында қатысушылар пікір алмасып, өңірдің даму басымдықтарына қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Сарапшылардың пайымынша, белгіленген міндеттердің нәтижелі орындалуы мемлекеттік органдар, бизнес және қоғам арасындағы тиімді әріптестікке байланысты.


Бөлісу