Негізгі Жаңалықтар Дәстүр, тарих және мәдениет тоғысқан халықаралық форум

Дәстүр, тарих және мәдениет тоғысқан халықаралық форум

Жасанды интеллект, ғылым және халықаралық ынтымақтастық. Қостанайда «Еуразиялық қақпа» атты IV халықаралық форум өтті. Биылғы басқосуда Қазақстан мен Ресей арасындағы ғылыми байланыстарды нығайту, тәжірибе алмасу және бірлескен зерттеулердің аясын кеңейту мәселелері талқыланды. Жиынға екі елден ғылым, білім беру салаларының және қоғамдық ұйымдардың 150-ден астам өкілі қатысты.

Қостанайда дәстүрлі сипат алған халықаралық форумға екі елден 150-ден астам адам жиналды. Негізгі бағдарлама басталмас бұрын қатысушылар өзара пікір алмасып, ғылым мен білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Сондай-ақ Оңтүстік Орал дәстүрлі мәдениет орталығы әзірлеген «Орал келбеті» атты ұлттық киімдер көрмесі көпшіліктің назарын аударды.

Биылғы форумның басты тақырыбы – жасанды интеллект дәуіріндегі Еуразия кеңістігін дамыту. Қатысушылар жаңа технологиялардың білім беру жүйесіне, ғылыми зерттеулерге және мемлекетаралық байланысқа ықпалын талқылады. Сондай-ақ халықтық дипломатияны дамытуға, яғни адамдар арасындағы тікелей қарым-қатынас арқылы халықаралық байланысты нығайтуға басымдық берілді. Ұйымдастырушылардың пікірінше, университеттер мен ғылыми қауымдастықтар ашық диалог орнатуға, білім алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін алаңға айнала алады.

Форум аясында ғалымдар мен сарапшылар заманауи зерттеу мәселелеріне арналған баяндамаларын ұсынды. Халықаралық ынтымақтастық тарихы мен жасанды интеллектінің қоғам дамуына ықпалы сөз болды. Баяндамашылардың бірі ЖИ-дің жаңа дәуірне тоқталды.

«Еуразиялық қақпа» форумы Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Орталық Азияның өзге де елдерін біріктіреді. Қазан айының соңында осындай басқосу Бішкекте өткен. Енді халықаралық диалог алаңына Қостанай болды. Онда жасанды интеллектіні ғылымда, білім беруде, өндірісте және басқа да салаларда қолдану мәселелері қарастырылды.


Бөлісу