Тұғыры биік тұлға
Мемлекет және қоғам қайраткері, ел дамуына сүбелі үлес қосқан Сейіл Баймағамбетовтің 80 жылдығына арналған «Тұғыры биік тұлға» атты еске алу кеші өтті. Ғибратты ғұмыр иесінің есімі өңір жұртшылығына жақсы таныс. Ол саналы ғұмырында мемлекеттік басқару, мәдениет пен ғылым салаларында жемісті еңбек етті. Артына өшпес із, ұрпағына өшпес өнеге қалдырған азаматтың өмір жолы кейінгі буынға үлгі. Тағылымды кеште қайраткердің жарқын бейнесі еске алынып, ел игілігі жолындағы еңбегі кеңінен дәріптелді.
Сейіл Зейнелұлы Баймағамбетовтің өмір жолы - табандылық пен талаптың, білім мен еңбектің өнегесі. 1946 жылы қазіргі Сарыкөл ауданында дүниеге келген ол балалық шағында тағдырдың талай сынағына кезікті. Ата-анасынан ерте айырылса да, жақындарының қамқорлығын сезініп өсті. Мектеп қабырғасында-ақ ұйымдастырушылық қабілетімен, әділдігімен көзге түсті.
Сейіл Зейнелұлы үшін мәдениет жұмыс саласы емес, ұлттың рухани болмысын қалыптастыратын маңызды құндылық еді. Облыстық мәдениет басқармасында еңбек еткен жылдары өңір өнерінің дамуына елеулі үлес қосты. Ақындар айтысының да облыста алғаш ұйымдастырылуына атсалысып, халық шығармашылығы фестивальдерін өткізуге ұйытқы болды.
Қоғамдық қызмет пен ғылыми ізденістің ортасында жүрсе де, Сейіл Баймағамбетов үшін отбасының орны әрдайым бөлек еді. Жары Сәниямен бірге өмірдің талай белесін өткеріп, ұл-қыз тәрбиеледі
Адамның ғұмыры атқарған қызметімен ғана емес, артында қалдырған өнегесімен өлшенеді. Сейіл Баймағамбетов - мемлекеттік басқару ісінде, мәдениет пен ғылым саласында өзіндік із қалдырған азамат. Ол ел дамуының жауапты кезеңдерінде еңбек етіп, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихына өз үлесін қосты.