Негізгі Жаңалықтар Қостанай ғылымы халықаралық деңгейге көтерілмек

Қостанай ғылымы халықаралық деңгейге көтерілмек

Италиялық білім беру тәжірибесі Қостанайға келуі мүмкін. Неаполь қаласындағы «Партенопе» университеті Зұлқарнай Алдамжар атындағы әлеуметтік-техникалық университет базасында академиялық бөлімше ашуды ұсынып отыр. Екі жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастықты дамытуға университет ректоры бастамашы болды. Осы ретте стратегиялық серіктестермен келісім жөніндегі онкүндік аясында «Цифрлық индустрия үшін кадр даярлаудың жаңа моделін қалыптастыру» тақырыбында бірқатар іс-шара ұйымдастыру жоспарланған.

Италиялық «Партенопе» университетімен жасалған келісім аясында кездесулер, пікірталас алаңдары, серіктес кәсіпорындарға экскурсиялар мен дөңгелек үстел жиыны өтті. Басқосуларда білім беру мен ғылымды дамыту, заманауи технологияларды енгізу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Алдағы жоспардың бірі – Астана қаласында өтетін стратегиялық серіктестердің үш жыл сайынғы форумына қатысу. 


Таныстырылған жобалар қатарында денсаулық сақтау мен энергетика саласына арналған бастамалар бар. Мәселен, E-Health Hub жобасы жасанды интеллект пен виртуалды шындық технологияларын пайдалана отырып, электрондық денсаулық сақтау бағытында ғылыми зерттеулер жүргізуді көздейді. Ал International Smart CER бастамасы жаңартылатын энергия көздерін дамытуға арналған цифрлық инфрақұрылым қалыптастыруды ұсынады.

Ал білім беру бағдарламаларымен қатар, ғылыми ынтымақтастықты дамытуға да басымдық берілмек. Соның ішінде жасанды интеллектіні қазақ тілдік ортаға бейімдеу мәселесі талқыланды. Отандық ғалымдар бұл 

бағыттағы зерттеулерін таныстырып, қазақ тіліндегі мәтіндерді түсіну, ғылыми мақалалар мен баяндамаларды талдау мүмкіндіктеріне қатысты жобаларын ұсынды.

Ендігі кезекте бастамаларды жүзеге асырудың нақты тетіктері мен мерзімдерін айқындау маңызды. Себебі халықаралық серіктестіктің нәтижесі ұсынылған жобалардың іске асуымен бағаланады. Егер тараптар ортақ жоспарларды нақты бағдарламалармен бекітсе, бұл жоғары білім мен ғылыми зерттеулердің дамуына тың серпін беруі мүмкін.


Бөлісу