Ана өлімі 32%-ға төмендеді
Қазақстанда ана өлімінің көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32 пайызға төмендеді. Бұған ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесін жетілдіру және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытындағы шаралар ықпал еткен.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде репродуктивтік жастағы әйелдердің денсаулығын бақылауға бағытталған «Аналар саулығы» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Оның мақсаты – қауіп факторларын ерте анықтап, ықтимал асқынулардың алдын алу. Бағдарлама аясында әйелдер өз емханасында медициналық тексерудің 12 түрінен өте алады. Сонымен қатар 37 емхана мен 23 перинаталдық орталықта әйелдер консультациялары қайта ашылып, олардың қызметімен 1 миллионнан астам әйел қамтылды. Ал жүктіліктің 10 аптасына дейін медициналық есепке тұрған әйелдердің үлесі 71 пайызға жетті.