Елді мекендер интернет игілігін көруде
Федоров ауданындағы тағы екі ауылда мобильді байланыс пен жоғары жылдамдықты интернет қолжетімді болды. Копычен ауылында орнатылған жаңа байланыс мұнарасы 4G желісі көршілес Затышен ауылын да қамтып отыр. Бұған дейін тұрғындар тұрақты байланыс іздеп, қосымша құрылғыларды пайдалануға мәжбүр болған. Жаңа желі ауыл өміріне қандай өзгеріс әкелді?
Бұған дейін Копычен ауылында мобильді интернетке қосылу оңай болмаған. Тұрғындар көбіне үйдегі Wi-Fi желісін пайдаланып, ауыл ішінде тұрақты байланысқа қол жеткізе алмады. Кейбірі сигналды күшейтетін құрылғылар орнатса, енді бірі байланыс ұстайтын орын іздеуге мәжбүр еді. Биыл қазан айында биіктігі 24 метрлік жаңа байланыс мұнарасы іске қосылды. Нәтижесінде ауыл толықтай 4G желісімен қамтылды. Бұл өзгеріс әсіресе интернеттің маңызы зор білім беру саласына оң әсерін тигізді.
Бұған дейін мектеп интернетке «Starlink» спутниктік жүйесі арқылы қосылған. Бұл мұғалімдерге сабақта цифрлық материалдар мен интерактивті тапсырмаларды пайдалануға мүмкіндік берді. Алайда оқушылармен қашықтан сабақ өткізу қиын болатын. Енді 4G желісінің іске қосылуымен бұл мәселе шешімін тапты. Мектеп директорының айтуынша, бұл мүмкіндік әсіресе қыс мезгілінде маңызды. Өйткені қатты аяз бен боран кезінде сабақ қашықтан оқыту форматына ауыстырылуы мүмкін.
Жаңа байланыс мұнарасы көршілес Затышен ауылын да қамтып отыр. Бұрын тұрғындар телефонмен сөйлесу үшін де байланыс жақсы ұстайтын жер іздейтін. Қазір бұл мәселе түбегейлі шешілді. Ауыл тұрғыны Александр Алексенко да оң өзгерісті байқап отыр. Айтуынша, мұнара іске қосылғалы үйде де, аулада да ұялы байланыс қолжетімді болған.
Федоров ауданында мобильді байланыс сапасын жақсарту жұмыстары басқа ауылдарда да жүргізілуде. Бұған дейін Цабелев пен Қарақопа ауылдарында жаңа мұнаралар орнатылып, 4G желісі іске қосылды. Жаңақой ауылында жоғары жылдамдықты интернет қолжетімді болды. Ал Мирное мен Дорожное ауылдарында байланыс сапасы жақсартылды. Мұндай жобалар қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты азайтуға бағытталған. Өйткені бүгінгі таңда тұрақты интернет – тек қарым-қатынас құралы емес, білім алу, жұмыс істеу және мемлекеттік қызметтерді пайдалану үшін де маңызды.